
2026 жылғы 1 наурызда ММУ Қазақстан филиалында Ашық есік күні өткізілді. Көктемнің алғашқы күнінде Филиалдың басшылығы, оқытушылары, қызметкерлері және студенттері бакалавриат және магистратураға түсуге үміт етіп келген талапкерлермен, олардың ата-аналарымен кездесті.
Филиал директоры, ММУ құрметті профессоры Александр Владимирович Сидорович құттықтау сөз сөйлеп, Филиалда білім алудың ерекше артықшылықтары бар екеніне тоқталды. Атап айтқанда, ҰБТ нәтижелеріне қарамастан қабылдау, мектеп олимпиадасының нәтижелері бойынша қабылдау мүмкіндігі, Мәскеуге міндетті түрде барып тегін оқу және Мәскеу университетінің ел ішіндегі, халықаралық деңгейдегі үлкен беделі туралы айтты. Бұл айтылғандардың болашақта жұмысқа орналасу немесе білім алу үшін кең мүмкіндіктер ашатындығына да тоқталып өтті. Директор Мәскеу университеті мен биыл 25 жылдығы аталып өтілетін Қазақстан филиалының тарихи маңыздылығын атап өтті. Осыдан соң кездесуге келген қонақтарға оқуға қабылдау, дайындық курстары, білім беру процесі, Мәскеу факультетінің ерекшеліктері, магистратура бағдарламалары және тағы басқа сұрақтар қойып, толық ақпарат алуға мүмкіндік жасалынды.
Жиналыстың соңында қатысушылар арасында естелік лотереясы өткізілді, содан соң таңдаған бағыттар бойынша кафедралардың оқытушыларымен дәстүрлі кездесулер өтті. Бұл кездесулер барысында болашақ талапкерлер қабылдау емтихандарына дайындық жөнінде, таңдаған траекториясы бойынша білім алу жолы туралы, практикадан өту және таңдаған мамандығы бойынша жұмысқа орналасу туралы ақпарат алды.
Орыс тілі мен математика пәндерінен шеберлік сабақтары барысында Филиалдың дайындық курстарын жүргізетін оқытушылары қабылдау емтихандары тапсырмаларының құрылымын, бағалау критерийлерін және талапкерлер жиі жіберетін қателіктерді талқылады.
Ашық есік күніне қатысушылардың барлығына алғыс айтамыз!
Мәскеу университетінің әлеміне кіруге дайын жас талантты, ынталы және белсенді студенттерді асыға күтеміз!
Сурет: Е. Яшков