М.В.ЛОМОНОСОВ АТЫНДАҒЫ МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН ФИЛИАЛЫ

Жаңалықтар
30.11.2022

Юрий Поляков - бір таланттың жеті қыры


2022 жылғы 25 қарашанда М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалында белгілі ресейлік жазушы, ақын, прозашы, драматург, сценарист және қоғам қайраткері Ю.М.Поляковпен кездесу өтті. Юрий Поляков – «Бұйрыққа дейінгі жүз күн», «Аудандық ауқымдағы төтенше жағдай», «Сүт ішіндегі лақ» және басқа да көптеген кітаптардың авторы. Ол – елеулі мемлекеттік наградалар мен әдеби сыйлықтардың, соның ішінде Бунин сыйлығының (2008) иегері, ресейлік баспасөз тарихына елеулі кәсіби үлесі үшін «Журналистика аңызы» атағын алған, беделді «Ресейдің алтын қаламы» журналистика сыйлығының иегері (2017).






Кездесуге қатысушылар – ММУ Қазақстан филиалының студенттері мен оқытушылары, Астанадағы «Русский дом» өкілдері, сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен келген қонақтар, «Жалынды сөз» әдеби клубының мүшелері.


Филология кафедрасының меңгерушісі, профессор Г.И.Власова кіріспе қошемет сөз сөйлеп, ММУ Қазақстан филиалы орыс тілі мен мәдениетін насихаттаумен және сақтаумен айналысатынын атап өтті. Осы бағытта форумдар мен конференциялар, жыл сайын семинарлар, «Русистиканың күзгі мектебі», «Біз сені сақтаймыз, орыс тілі!», кәсіби бағдар беру олимпиадасы, Қазақстан және Ресей ғалымдары мен жазушыларымен кездесулер өткізіледі. Г.И.Власова Филиалда, әсіресе, «Тенгри» әдеби клубы мен «Берегиня» фольклорлық ансамблінің жұмыс істеп жатқанын атап өтті.




Кездесудің басында белгілі қонаығымызды «Филология» бағытының 3-курс студенті Данил Морозов Қазақстан филиалының 20 жылдығына арнап шығарған одасын оқыған бейнебаянмен қарсы алды. Ал «Берегиня» фольклорлық ансамблі орындаған «Пчелочка» халық әні салтанатты жиынның көркін келтіре түсті.


«Мен әрқашан Қазақстанға келгеніме қуанамын. Мен осы елге жас ақын кезімде-ақ келген едім. Қазақстанда менің достарым көп, олардың арасында белгілі ақын Бақытжан Қанапьянов бар. Жақында «Құлағандардың аспаны» повесі қазақшаға аударылды. Биыл мені «Жібек жолы» атты кітап көрмесіне шақырды. Ал ертең мен Қостанайда «Жүректің күтуі» пьесасының қоылымына барамын, – деді Юрий Поляков өзінің толық мазмұндағы бағдарламасы туралы.





Осыдан соң Ю.М. Поляков студенттердің қойған сұрақтарына жауап берді. Ол жазушылық дарынды жастайынан байқап, дамыту қажет екенін айта келе, өзінің жазушы ретінде қалыптасуында әдеби шеберлік курстары мен белгілі ұстаздардың ықпалы зор болғанын атап өтті. Кездесу барысында туындаған қызу пікірталасқа студенттер мен мұғалімдер белсене атсалысты. Директордың ғылыми жұмыс және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, академик Р.Ж.Әбділдина жазушының әдеби шығармаларындағы кейіпкерлердің ізгіліктілік жолындағы әрекеттері жастардың адамгершілік қасиеттерін тәрбиелеуде маңызды орын алатынын атап өтті.


«Тенгри» әдеби клубының төрайымы, «Филологи»я мамандығының 2 курс студенті Диана Костишина Клуб отырысының өті барысы туралы айтып берді, соның ішінде жақында өткен Юрий Поляковтың шығармашылығын талқылауға арналғанын кездесуді ерекше атап өтті.


Студенттер, сонымен қатар, Ю.М.Поляковқа кино өнерімен байланысы туралы, оның сценарист ретіндегі жұмысы және шығармаларының экранға шығарылуы жөнінде сұрақтар қойды. Жазушы әдеби шығармалар бойынша кино түсіруде көп мәселе режиссердің шеберлігіне байланысты шешілетінін, кейде тіпті сәтсіз түсірілген кинолардың өзі де көрерменді кітап оқуға жетелейтінін атап өтті.


Жазушының белгілі «Ворошиловтық мерген» фильмінің сценарийі бойынша еңбегі туралы әңгімесі көрермендерге өте ұнады, олардың үлкен қызығушылығын тудырды. Фильмнің атауына қатысты Ю.М.Поляков өзінің режиссер С.С.Говорухинмен дауы туралы, нәтижесінде, дәл Поляков ұсынған атау таңдалғанын атап өтті.




Кездесудің соңында Ю.М.Поляков кездесуге келушілердің барлығына білдірген жылы лебіздері мен қызықты сұрақтары үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар қонақ Филиал кітапханасына өзінің қолтаңбасымен бірнеше кітабын сыйға тартты. ММУ Қазақстан филиалында өткен кездесуден естелік ретінде Юрий Михайлович Поляковқа «Тенгри» әдеби клубының альманахы табыс етілді.


Фото: Орыс үйі


Мәтін: Наталья Афанасьева

Фото: К.С. Байрактар



© М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы. Барлық құқық қорғалған.