М.В.ЛОМОНОСОВ АТЫНДАҒЫ МӘСКЕУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН ФИЛИАЛЫ

Жаңалықтар
11.03.2020

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаев М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне барды


Мәскеу қаласы, Ресей Федерациясы



11-03-2020-mgu00005s.jpg


Нұрсұлтан Назарбаев ректор В.Садовничиймен кездесіп, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының еуразиялық интеграция идеясына арналған көрме экспозициясымен танысты және университет музейін аралап, Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.


В.Садовничиймен кездесу барысында Елбасы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жоғары беделге ие екенін және халықаралық деңгейде мойындалғанын атап өтті.


– Университет жоғары сұранысқа ие мамандықтар бойынша кадрлар даярлайтын Ресейдегі ең ірі және маңызды оқу орны, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстанның Тұңғыш Президенті посткеңестік кеңістіктегі интеграциялық процестердің даму тарихына тоқталды.


– Мен 1994 жылы наурыз айында Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясын айтқан болатынмын. Сол кезде алдағы ынтымақтастық жоспарының тұжырымдамасын ұсындым. Ал 2014 жылы біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойдық, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Елбасы қиындықтарға қарамастан Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы елдер арасындағы сауда айналымы өсіп келе жатқанын атап өтті.


11-03-2020-mgu00002s.jpg


– Қырықтан астам ел одаққа қосылуға ниет білдірді. Қазір әлемде интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес. Интеграция мемлекеттің одан әрі дамуына мүмкіндік береді. ЕАЭО-ның келешегі зор деп санаймын. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.


Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның астанасында орналасқан Мәскеу мемлекеттік университеті филиалының даму қарқынына тоқталды.


– Ресей Президентімен жасалған келісімге сәйкес елордамызда Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын аштық. Қазір филиал кеңейіп жатыр, орын жетіспеушілігі байқалады. Сондықтан біз жалпы ауданы 20 мың шаршы метр болатын оқу корпусын Мәскеу мемлекеттік университеті филиалына берейін деп жатырмыз, - деді Елбасы.


11-03-2020-mgu00004s.jpg


ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараты бойынша, оқу ғимараты Сарыарқа ауданында орналасқан және 800 студентке арналған. Сонымен қатар, филиалдың жаңа ғимараты оқу орнының ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал етеді.


– Егер біз алға жылжып, ғылыми-техникалық прогрестен қалмайық десек, білім саласын дамытуды қолға алғанымыз жөн. Сондықтан Қазақстанда «Назарбаев Университетін» аштық. Сондай-ақ, университет деңгейіне сай келетін талапкерлерді дайындау үшін республика бойынша 22 зияткерлік мектеп салдық, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.


11-03-2020-mgu00007s.jpg


Өз кезегінде ректор Виктор Садовничий Нұрсұлтан Назарбаевқа сапары үшін ризашылығын білдіріп, Елбасының Еуразия құрлығындағы интеграциялық үдерістерді нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.


– Мен Сіздің университетке деген көңіліңізді жоғары бағалаймын және ЕАЭО-ны дамытуға қосқан үлесіңізге тәнтімін. Сіз дұрыс және нақты шешімдер қабылдадыңыз. Үнемі ынтымақтастыққа ұмтылдыңыз, - деді ректор.



Кездесу соңында Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті докторы Нұрсұлтан Назарбаевқа жоғары награда – «Мәскеу университетінің жұлдызы» табысталды.



Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды Elbasy.kz



© М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалы. Барлық құқық қорғалған.